Қызылорда облысының тұрғындарына берген уәдемізді орындап келе жатырмыз – өңір әкімі
АСТАНА. KAZINFORM – Қызылорда облысында қомақты сомадағы тиімсіз шығыстар анықталды. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында аталған өңірдің әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлім етті.
– Сыбайлас жемқорлықпен барынша күресіп жатырмыз. Әсіресе, әлеуметтік салаға ерекше екпін қойылған. Кейінгі үш жылда бұл салада шамамен 100 теңге қаражатты үнемдедік. Оның ішінде білім, мәдениет және спорт бағыттары бар, - деді Н. Нәлібаев.
Үнемделген қаражат өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, аз қамтылған отбасыларды қолдау, сондай-ақ басқа да басым міндеттерге бағытталды.
– Үнемделген 100 млрд теңге бойынша Қызылорда облысында «Әлеуметтік салаға бағытталған бюджет қаражатын тиімді пайдалану» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Осы орайда Үкімет басшысының тапсырмасымен біздің өңірге министрлер, вице-министрлер, сондай-ақ барлық облыстардағы әкім орынбасарлары келді. Іс-шараға 300-ден астам келді. Жиын барысында қаражат үнемдеуге қатысты тәжірибе алмастық, - деді өңір әкімі.

Сонымен қатар ол өңірде бірнеше жыл бұрын сапасыз тапсырылған әлеуметтік нысандарды жауапты құрылыс компаниялары қайтадан салғанын айтты.
– Бұған дейін өңір тұрғындарына берген уәдемізді орындап келеміз деп айта аламын. Атап айтқанда, жоспар тиісті мерзіміне қарай жүзеге асырылатын болады, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кетейік, биыл 10 айда Қызылорда облысындағы құрылыс жұмысына бөлінген қаржы көлемі 235 млрд теңгеге жетті.