Қызылорда полициясы жас қыздардың көліктегі ерсі қылығына байланысты түсініктеме берді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Instagram әлеуметтік желісінде Қызылорда қаласында жүріп келе жатқан көлікте ерсі қылық көрсетіп тренд түсірген жастардың видеосы тарады.

Қызылорда полициясы жас қыздардың көліктегі ерсі қылығына байланысты түсініктеме берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Видеода жас қыздардың бірі көлік сыртында сүйретіліп келе жатқаны, бірі терезе алдына жатып алғаны, өзгесінің салонның төбесінен басын шығарып тұрғаны анық көрінеді. Қызылорда облыстық полиция департаменті осыған байланысты түсініктеме берді. 

- Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында Қызылорда қаласы көшелерінің бірінде Hyundai маркалы автокөліктің жолаушы тасымалдау қағидасын бұзғанын көрсететін бейнежазба жарияланғаны анықталды. Тексеру барысында Қызылорда қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтады.

Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған 23 жастағы азаматшаға қатысты жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушы тасымалдау, қауiпсiздiк белдігін пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік хаттама рәсімдеді, - делінген хабарламада. 

Жақында қызылордалық тәртіп сақшыларының «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы синтетикалық есірткі заттарын жарнамалайтын 71 сайтты бұғаттағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар