Қызылорда тұрғындары түзеу мекемесіне ақша кіргізбек болған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері департаментке қарасты № 68 мекемеге тыйым салынған заттарды өткізу әрекетінің жолын кесті.
Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, қамауда отырған ағасына сәлем-сауқат әкелген тұрғын жасырын түрде ақша өткізбек болған.
— Тексеру барысында жеткізілген спорттық киімнің оң жақ қалтасынан жалпы сомасы 30 мың теңге табылды. Аталған дерек бойынша сәлем-сауқат иесіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 481-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік материалдар жинақталып, сот қарауына жолданды, — делінген хабарламада.
Жуырда дәл осындай тағы бір оқиға тіркелді. Қамауда отырған әкесіне сәлемдеме әкелген азаматша 10 мың теңге шамасында ақша кіргізбек болған. Мұны мекеме қызметкерлері бақылап-өткізу пунктінде орнатылған рентген қондырғысы арқылы анықтап, тәркіледі.
Азаматшаға қатысты жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін қалалық әкімшілік сотқа жолданды.
Бұған дейін біз биыл 15 мың сотталған адам қылмыстық рақымшылықпен қамтылуы мүмкін екенін жазған едік.