Қызылорда-Жезқазған автожолы қашан пайдалануға беріледі

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Қызылорда-Жезқазған автожолы қашан қолданысқа берілетінін айтты. Облыс аумағы арқылы аталған автожолдың 208 шақырым учаскесі өтеді.

«Қызылорда- Жезқазған» жолы пайдалануға берілді
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

— Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жолдың 1/4 бөлігіне асфальт жабындысы төселді. Жобаға 530 техника мен мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылған. Жобаны жалпы жүзеге асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар деп белгіленген. Кейбір учаскелерде кідірістер бар, бірақ «ҚазАвтоЖол» тарапынан жұмыстарды жеделдету бойынша қажетті ескертулер жіберілді – деп жауап берді әкім тілші сұрағына Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Ал Жезқазған-Қарағанды автожолының 335 шақырымы облыс аумағы арқылы өтеді. Қазіргі уақытта конкурс жарияланған және жыл соңына дейін мердігер анықталады. 

— Келесі жылы құрылыс жұмыстары «толық тапсыру» схемасы бойынша басталып, 2030 жылға дейін жүргізіледі. Сонымен қатар, биыл «ҚазАвтоЖол» компаниясымен бірлесіп жолда орташа және жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша қаражат бөлуге мүмкіндік туды. Шамамен 11 мың м² ойықтарды жөндеу және 40 шақырым жөндеу жұмыстары атқарылды, — деді Дастан Рыспеков. 

Жалпы Ұлытау облысы құрылғаннан бері 549 шақырым автомобиль жолдары мен 4 көпір жөнделген. 

Республикалық маңызы бар «Қаражал–Атасу» автожолының реконструкциясына 1,7 млрд теңге бөлінген. «Ұлытау–Арқалық» жолының 143–252 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық маңызы бар «Сәтбаев – Малшыбай – Жошыхан, Домбауыл кесенесі» автожолының құрылысы аяқталып қалды. 

Бұған дейін облыс әкімі Ұлытау облысында орташа жалақы 7,5%-ға өскенін айтқан еді.

Сондай-ақ, Ұлытау облысының бюджеті 30 млрд теңгеге артты. 

Ұлытау облысы әлеуметтік азық-түлік тауарларының 4 түрі бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді.

Ал Ұлытау техникалық университетінің түлектері Қазақстан мен АҚШ дипломдарын алып шығады.

Соңғы жаңалықтар