Қызылордада 17,9 мың гектар жерде саяқ шегірткенің таралуы экономикалық залал шегінен асты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғау мақсатында саяқ шегірткеге қарсы фитосанитариялық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Өңірлік коммуникация қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, тұрақты мониторингтік зерттеу нәтижесінде жалпы 17,9 мың гектар аумақта саяқ шегірткелердің таралуы экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталды.
— Анықталған ошақтарға қарсы жедел іс-шаралар қабылданып, қазіргі уақытта 11,2 мың гектар жер химиялық өңдеуден өткізіліп жатыр. Бұл жұмысқа арнайы жерүсті агрегаттары мен аса жеңіл әуе техникасы — дельтапландар тартылған. Өңдеу барысында елімізде қолдануға рұқсат етілген «Гунсяо» 10% к. э. және «Тиаметрин» с. к. препараттары пайдаланылады. Аталған препараттар зиянкестердің таралуын шектеуге және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғауға бағытталған, — делінген хабарламада.
Жауапты мекемелер егін зиянкесіне қарсы мониторингті күшейтті. Осылайша анықталған ошақтарды дер кезінде өңдейді.
Облыста сондай-ақ Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысын тұрақты түрде жүргізіп келеді.