Қызылордада 246 млн теңге көлік салығы төленбеген

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 3 ай ішінде Қызылордада көлік салығы өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 270 млн теңге артық түсті. 

Қызылордада 246 млн теңге көлік салығы төленбеген
Фото: freepik.com

Ал көлік салығының қарызы 246 млн теңге болып отыр. Дегенмен бұл салыстырмалы түрде 29 млн теңгеге аз.

– Жеке сот орындаушылармен, полиция департаментімен бірлескен рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 95 тұлғадан 12,2 млн теңге салық берешегі өндірілді. Бұл жерде көлік иелеріне айтарымыз, төлеу мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі. Ол Ұлттық банк белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде, - деді Қызылорда облысы бойынша кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Елеманов. 

Одан бөлек, жеке сот орындаушыларға салықтық бұйрықтар жіберіледі. Жеке сот орындаушылар мүлік пен банк шоттарына тыйым салып, елден тыс жерлерге шығуға шектеу қояды. Бұл ретте қарыз сомасының 25%-ы шамасындағы сот шығыны да ұсталады. 

Әрбір салық түрінің мөлшері, оны төлеу мерзімі Салық кодексінде анық көрсетілген. Соған сәйкес елімізде көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталды.

Айта кетейік, Мәжіліс кеше Салық кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар