Қызылордада 28 млрд 430 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті биыл 6 айда 43 аудиторлық іс-шара барысында заңбұзушылықтарды анықтады.
Оның барлығы қаржы саласында. Атап айтқанда, бюджетке өтеу, атқарылмаған жұмысты орындау арқылы қалпына келтіру, бухгалтерлік есепте бюджет заңнамасы мен мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарының сақталмауы сипатында.
- Қаржылық бұзушылықтар сомасы 28 млрд 430 млн теңге болды. Оның 27 млрд 595,9 млн теңгесі бюджетке өтеліп, жұмысты орындау жолымен қалпына келтірілді. Қалған бөлігі бойынша сот процесі, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалы, істі сот орындаушылардың өндірісіне беру және тағы басқа іс-шаралар жүріп жатыр. Заң талабының бұзылуына жол берген лауазым иелерінің жауапкершілігін қарау туралы нұсқамалар берілді, - деді департамент басшысы Ербол Күзембаев.
Жыл басынан бері камералдық бақылау нәтижесінде құны 16 млрд теңгеден астам сатып алуларға қатысты хабарлама берілді. Онлайн бюджеттік мониторинг бойынша артық аударылған 20 млн теңгеден астам қаражат бюджетке және мекемелерге қайтарылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырау облысында бес ай ішінде жүргізілген аудит қорытындысы бюджет қаражатын пайдалану мен мемлекеттік сатып алу саласында 175,6 млрд теңгеден астам бұзушылықтың барын көрсетті.