Қызылордада 3 бала терезеден құлаған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында көктем басталғалы 3 бала терезеден құлап кеткен. Абырой болғанда бәрі аман.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға күтім жасау және оларды күтіп-бағу жөніндегі міндетемені орындамағаны үшін олардың ата-аналарына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік айыппұл салынды.
- Мұндай жағдайлар көбіне ата-аналардың қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарауынан, баланы бақылаусыз жіберуінен болады. Сондықтан балаларды терезесі ашық бөлмеде жалғыз қалдырмауды сұраймыз. Бала терезені өздігінен ашпас үшін оған арнайы құлып жүйесін, темір қоршау орнату керек. Терезенің алдына жиһаз қоюға болмайды, – деп ескертті полиция.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, өткен жылы өңірде 17 бала терезеден құлап кеткен. Денесіне зақым келгені болмаса, бәрі тегіс аман. 17-сі жарақатына байланысты ауруханада емделіп шықты.