Қызылордада 3 күнде беймезгіл көше кезген 252 жасөспірім анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 3 күнге созылған «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. 

Қызылордада 3 күнде беймезгіл көше кезген 252 жасөспірім анықталды
Фото: ҚР ІІМ

Оған 300-ден астам тәртіп сақшысы, сондай-ақ білім беру саласының, жергілікті атқарушы және өзге де органдардың өкілдері қатысты. 

— 3 күнде барлығы 265 әкімшілік хаттама рәсімделсе, кәмелетке толмаған 2 бала ішкі істер органдарының есебіне алынды. Қадағалаусыз және панасыз қалған 3 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналасты. Балалар мен жасөспірімдердің түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол берген 10 дерек анықталды.

Заңды өкілдерін ертпей беймезгіл ойын-сауық орындарында, үйінен жырақта жүрген 252 ұл-қыздың ата-аналарына хаттама толтырылды, — делінген облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы таратқан хабарламада.

Бұған дейін Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері прокуратура өкілдерімен бірлесіп, Семей қаласындағы ойын-сауық орындарында түнгі профилактикалық рейдтер жүргізген еді.