Қызылордада 39 жеке сот орындаушысы тәртіптік жазаға тартылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында биыл 9 айда 49 жеке сот орындаушысының қызметіне жоспарлы бақылау жүргізілді.
Облыстық әділет департаментінің мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтар бойынша 39 жеке сот орындаушысына тәртіптік жаза қолданылды.
— Оның екеуі сот шешімімен лицензиясынан айырылды. Бір жеке сот орындаушысының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Үш қызметкерге қатысты лицензиядан айыру жөніндегі материалдар сотта қаралып жатыр, — деді департамент басшысы Баукен Әлмеш.
Еске салайық, бұған дейін біз Қызылорда облысының әділет департаментіне зияткерлік меншік саласы бойынша 4 жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін жаздық.
Сондай-ақ тоғыз айдың қорытындысына сәйкес, қызылордалық жеке сот орындаушылардың өндірісінде алимент өндіру жөніндегі 15 321 атқарушылық іс бар.