Қызылордада 4200 шаршы шақырым аумақта кеміргіштер арасында оба эпизоотиясы тіркелді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы обаға және басқа карантинді, аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіп келеді.
Станцияның зерттеу аумағындағы шөлейтті жерлерде мұнай игеріліп жатыр.
— Бұл өзге облыстардан, ТМД елдерінен жұмыс күшінің ағылуына себеп. Темір жол, автокөлік магистральдары, әуежай арқылы өзге өңірлермен, ТМД елдерімен байланыс, алыс-жақын шет елдермен нарық, туризм, сауда-саттық бағытындағы қарым-қатынас нығайып, облыс бойынша көшіп-қону үрдісі жанданып, оба, тырысқақ немесе басқа карантинді індеттердің тасымалдану қаупін тудырып отыр. Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолы Қызылорданы кесіп өтеді. Мұнда шекара жасақтары орналасқан. Салдарынан тұрғындардың аса қауіпті жұқпалы аурулардың табиғи ошақтарымен қарым-қатынасы одан сайын ұлғая түседі. Дегенмен, адамдар арасында оба ауруы тіркелген жоқ, — деді станция басшысы Нұрлан Нұрмағанбетов.
Есесіне кеміргіштер арасында түрлі деңгейдегі оба ауруы эпизоотиясының тіркелуі тыйылмай тұр. Жоспарға сәйкес жылына 84100 шаршы шақырым жер эпизоотологиялық зерттеумен қамтылып, 9-12 мыңдай кеміргіш, 15-22 мың шамасында сыртмасыл тексеріледі.
— 2021-2025 жылдар аралығында 4200 шаршы шақырым аумақта кеміргіштер арасында оба эпизоотиясы тіркелді. Зерттеу нәтижесінде 11 оба қоздырғышы бөлініп, 124 кеміргіштің қанының сарысуынан оба қоздырғышына антиденелер табылды. Оба эпизоотиясы тіркелген аймақтарда тиісті эпизоотиялық және эпидемиологиялық шаралар уақтылы және өз деңгейінде атқарылды, — деді станция басшысы.
Биыл станция бақылауындағы аумақта тұрақты қауіпті топтарға жататын 8793 адам обаға қарсы егілуге тиіс болса, бүгінде жоспардың 82,4%-ы орындалды.
Еске салайық, Қызылорда облысында жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы егуден бас тартқандар қатары азаймай тұр.
Биыл 6 айда олардың саны өткен жылғыдан 1,7%-ға жоғарылады.