Қызылордада 5 күнде көші-қон заңнамасын бұзудың 408 дерегі анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - 8-12 маусым аралығында Қызылорда облысында заңсыз көші-қонның алдын алу, шетелдіктердің көші-қон заңнамасын сақтауын бақылау және көші-қон саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтау мақсатында «Заңсыз келуші-2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.

в
Фото: Қызылорда облыстық ПД

Бес күнге созылған іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 408 дерегі анықталды. 

- Оның ішінде шет ел азаматтары тарапынан жасалған 228 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Заң талаптарын бұзған 86 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарылды. Сондай-ақ шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу қағидаларының сақталуын қамтамасыз етпеген 148 Қазақстан азаматына қатысты әкімшілік шаралар қолданылды, - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Полиция департаменті өңір тұрғындарына шет елден жұмыс істеуге келген азаматтарды заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеп, олардың құжаттарын уақытылы рәсімдеудің маңызды екенін ескертті.

Ал жуырда Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері шетелдіктерге жалған құжаттар дайындап, олардың елде заңсыз жұмыс істеуіне көмектескен топтың қызметін тоқтатты.