Қызылордада адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші іздестіріліп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қалалық полиция басқармасының мәліметінше, оқиға 13 қазанда кешкі сағат бестің шамасында қаладағы Құлтекенов көшесінде болған.

жол полициясы
Фото: Алматы полиция департаменті

- Mitsubishi Lancer автокөлігі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан кетіп қалған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам зардап шеккен, олардың бірі – кәмелетке толмаған бала. Зардап шеккендер жансақтау бөліміне түскен, - делінген хабарламада.

Алайда артынша жәбірленушілердің бірі, яғни 5 айлық нәрестенің көз жұмғаны анықталды. Облыстық полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан кетіп қалу деректері бойынша қылмыстық істер қозғады.

- Күдіктінің кім екені анықталды. Департамент оның жүрген жерін анықтау және ұстау бойынша барлық қажетті шараны қабылдап жатыр, - делінген хабарламада .

Полиция қалаға кіреберіс жолдардабақылауды күшейтті. Күдіктіні іздестіру және ұстау іс-шараларына барлық күш-құрал жұмылдырылды.

Еске салайық, облыста апта көлеміндегі рейд нәтижесінде 5 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілді.