Қызылордада адам папилломасы вирусына қарсы 2 мыңға жуық екпе салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №7 қаулысына сәйкес адам папилломасы вирусына қарсы екпе алатындар контингенті артты. Бұған халықтан түсетін өтініштердің жиілеуі себеп болған.

в
Фото: Қызылорда облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

Қызылорда облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлімдегендей, екпе медициналық қарсы көрсетілімдер ескеріліп, білім беру ұйымдарының медициналық, медициналық ұйымдардың егу кабинеттерінде жүргізіледі. Егер мұндай орындарда егу пункті болмаса, салқындату тізбегін сақтауға жағдай жасалмаса, оған қарасты адамдар үшін көшпелі егу бригадалары ұйымдастырылады. Екпе үшін 4 валентті «Гардасил» екпесі қолданылады. Бірінші доза кез келген күні, екінші доза бірінші дозадан кейін арада 2 ай, ал үшіншісі бірінші дозадан кейін арада 6 ай өткенде жүргізіледі.

- Елімізде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация 11 жастағы қыздар арасында жоспарлы түрде, 12-13 жастағы қыздар арасында толықтыра иммундау 2024 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері облыста 11-13 жастағы қыздарға 2 мыңға жуық профилактикалық екпе салынды. Оның 1604-і бірінші дозаны, 1213-і екінші дозаны қабылдады. Вакцина алғандар арасында иммундаудан кейін байқалатын қолайсыз көріністер тіркелген жоқ, - деді департамент басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Вакцинация үшін екпе алатын адамның өзінің немесе заңды өкілі ретінде ата-анасының келісімі керек.

- Адам папилломасы вирусы – өте кең таралған инфекция қоздырғыштарының бірі. Ол көбіне ұзақ уақыт бойы еш белгісіз өтіп, кейін жатыр мойны обыры, сондай-ақ басқа да қауіпті аурулардың дамуына себеп болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оған қарсы вакцинацияны аурудың алдын алудағы ең тиімді тәсіл ретінде ұсынады. Мұндай вакцина көптеген елде бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық зерттеулер арқылы дәлелденген. Вакцина жасөспірім шақта, әсіресе, ерте жаста салынса, ағзада вирусқа қарсы тұрақты иммунитет қалыптасады. Сондықтан ата-аналарды қыз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық екпенің маңызын түсінуге шақырамыз, - деді Әлия Әбдіқайымова.

Ал бұған дейін Алматыда 15 мың қыз адам папилломасы вирусына қарсы вакцина алды.