Қызылордада аламан бәйгенің жүлдегеріне 4 млн теңгенің сертификаты табысталды

Бүгін Қызылордада қала күні мен «Алтын дән – 2023» мерекесіне орай аламан бәйге ұйымдастырылды. Жанкүйерлер ипподромға жиналып, бәйгенің көрігін қыздырған тұлпарлар шабысын қызықтады, деп хабарлайды Kazinform.   

Қызылордада аламан бәйгенің жүлдегеріне 4 млн теңгенің сертификаты табысталды
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, осы жолы ұлттық ат спортының 4 түрінен 82 шабандоз бақ сынады. Еліміздің бірнеше аймағынан сәйгүлігін баптап келгендер қызылордалықтарға ерекше көңіл күй сыйлады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Қызылорда
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Соңғы жылдары ұлттық спорттың облысымызда бұқаралық сипат алғаны қуантады. Жалпы 16 мыңнан астам адам ат спортымен шұғылданады. Жыл сайын 8000-нан аса балуанның қатысуымен өтетін қазақ күресінен «Алтын белбеу» турнирі ең танымал шараға айналды. Облыс орталығында ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы қызмет көрсетеді. Орталықта жастарға барлық мүмкіндік жасалған», - деді аймақ басшысы.

5 шақырымды артқа тастаған тай жарыс пен 11 шақырымдық құнан бәйгеде шиелілік Абзал Тұрғанбек бірінші болып келді. 

Қызылорда
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ал 15 шақырымды оңай еңсерген топ бәйгеде Алматы облысынан келген тарлан Абзал Тұрмыс мәре сызығына ең алғаш болып жетіп, 2 миллион теңге иеленді.  

Қызылорда
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Аламан бәйгенің жүлдесі жалағаштық батыр Жаңасыл Бекболатқа бұйырды. Шабандозға 4 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Қызылорда
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі