Қызылордада алаяқтар ерлі-зайыптыны 16 млн теңге несие алуға көндірген

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының киберполиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алып, тұрғынның 16 млн теңгесін сақтап қалды.

Қызылордада алаяқтар ерлі-зайыптыны 16 млн теңге несие алуға көндірген
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Бейтаныс адамдар тұрғынға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. 

— Олар психологиялық қысым көрсетіп, ақшасын «қауіпсіз есепшотқа» аударуға көндірмек болған. Алаяқтардың сөзіне сенген азамат бірнеше банктен өзінің және әйелінің атынан 16 млн теңге несие рәсімдеген. Алайда қаражатты өзге шоттарға аударуға әрекеттенген кезде күдіктеніп, полицияға хабарласқан. Полицейлер өтінішті елеусіз қалдырмай, ақшаның алаяқтардың қолына түсуіне жол бермеді, — деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті. 

Тәртіп сақшылары тұрғындарға телефон арқылы хабарласқан бейтаныс адамдарға сенбеуге, олардың нұсқауымен ақша аудармауға кеңес береді. 

— Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, банкке ресми нөмірі арқылы хабарласу қажет. Алаяқтық әрекетке тап болған кезде 102 нөміріне қоңырау шалуға болады, — делінген хабарламада.

Ал жуырда Жамбыл облысында алаяқтардың нұсқауымен аударылған ақшаны алған екі азамат сот шешімімен жәбірленушіге әрқайсысы 1 млн теңгеден қайтаруға міндеттелді.