Қызылордада алдағы екі ай мен жазда ауа райы қалай құбылады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Синоптиктер Қызылорда облысының сәуір мен мамырдағы, сондай-ақ жаздағы ауа райына арналған болжамды ұсынды.

а
Фото: Қызылорда қаласы әкімдігі

«Қазгидромет» РМК облыстық филиалы метеоболжау бөлімінің бастығы Әйгерім Жөкелованың айтуынша, сәуір айында ауаның орташа айлық температурасы +13+16°С шамасында, яғни нормадан 1°С жоғары болмақ. Облыстың басым бөлігінде жауын-шашын әдеттегі көлемде (11-22 милиметр) түседі. 

- Сәуірдің бірінші онкүндігінде ауа температурасы күндіз +18+23°С мен +23+28°С, ал түнде +2+7°С мен +10+15°С аралығында ауытқиды. Онкүндіктің соңында аздап төмендейді. Жаңбыр бірінші онкүндіктің ортасында және соңында күтіледі.

Онкүндіктің басы мен аяғында күндіз +23+28°С, ортасында +15+20°С, түнде +5+10°С, 0+5°С шамасында.

Онкүндіктің ортасында үсік күтіледі. Жаңбыр жиілейді.

Үшінші онкүндікте күндіз +30+35°С пен +17+22°С, түнде +10+15°С мен +3+8°С аралығында құбылады.

Айдың соңына қарай жаңбыр жауады.

Ал мамырда орташа ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болады (+21+23°С). Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың солтүстік жартысында нормадан төмен, оңтүстік жартысында норма (10-23 милиметр) шамасында, - деді Әйгерім Жөкелова. 

«Қазгидромет» өкілі жаз мезгіліне арналған күн райын да жариялады. 

- Маусым мен тамыз айларында ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болып, жауын-шашын әдеттегіден аз түседі. Шілде айында ғана ауа температурасы (+26,9, +29,3°С) және жауын-шашын қалыпты көрсеткіште (3, 8 милиметр) болады, - деді ол.

Бұған дейін біз Солтүстік Қазақстан облысына арналған синоптиктердің болжамын жариялаған болатынбыз.