Қызылордада апатты медициналық нысандар мәселесі қалай шешіліп жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында апатты жағдайдағы және тозығы жеткен ғимараттарды жаңарту жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, Арал және Шиелі аудандық ауруханаларына қарасты жұқпалы аурулар бөлімшелерінің ғимараттарын жаңадан салу жоспарланған. Бүгінгі күні Шиелідегі нысан пайдалануға берілді, ал Аралдағы бөлімше келесі жылы ашылмақ.
— Шұғыл салуды қажет ететін 3 денсаулық сақтау нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Олар — Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалау бөлігіндегі 500 келушіге арналған қалалық емхана, ауысымына 400 келушіні қабылдайтын № 5 қалалық емхана, Арал ауданының Арал қаласындағы ауысымына 250 келушіге арналған емхана. Үшеуінің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіледі, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Әбубәкірова.
Облыс орталығының сол жағалау бөлігінде халық санының өсуіне байланысты қазір мұнда 300 төсектік көпбейінді аурухана салынып жатыр.
Еске салайық, Алматыда 2030 жылға дейін 46 медициналық нысан іске қосылады.