Қызылордада әзірге тек 104 үйге ыстық су келді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы отыз жылдан бері су жылытқыш пайдаланып үйренген 100-ден астам көпқабатты үй тұрғындары қазір ыстық судың рахатын көріп отыр.

Облыс орталығындағы 185 баспананың мәселесін шешу былтыр басталды. Үкімет резервінен оған 11 млрд теңге бөлініп, жұмысты жүзеге асырушы оператор болып «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бекітілді. Осылайша бүгінде қаладағы 104 үйге ыстық су жеткізілді.
– Қалған 85 үйдің өжірелеріне құбыр тартылды. Енді тек пәтерлерге есептегіш құралдар мен тіреуіштер орнату қалды. Жалпы, бұл мәселе бір айдан астам уақыт ішінде толығымен шешіледі деп отырмыз, - деді «Байқоңыр» ӘКК басқарма төрағасының кеңесшісі Мұхитжан Кәрімбаев.
Мамандардың есебінше, пәтерді ыстық су жүйесіне қосу тұтынушының қалтасын айтарлықтай қақпайды. Электрлі су жылыту қондырғысы екеуінің айырмашылығы 1035,94 теңге шамасында, яғни 66,2% тиімдірек.
– Тұрғындар ыстық суды қысы-жазы пайдалана алады. Сондықтан қала тұрғындары мүмкіндікті пайдаланып, орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылғаны дұрыс, - деді Мұхитжан Кәрімбаев.
Еске салайық, Қызылорда осыған дейін еліміздегі ыстық су жоқ жалғыз облыс орталығы болатын.