Қызылордада балалар үйінде өскен әйел тұрғын үй алу құқығын сот арқылы дәлелдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қызылорда қаласының тұрғыны, балалар үйінде тәрбиеленген әйел мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығын қайтарып алды.

Хасан Қасымбаевтың адвокаттары сот үкіміне шағым түсірмек
Фото: Pexels

Сот материалдарына сәйкес, ол 2016 жылы әлеуметтік осал топ өкілі ретінде «толық емес отбасы» санатында кезекке қойылған. 2024 жылы Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясына 1998 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатында есепке қою туралы өтініш берген. Бұл санат оған балалар үйі түлектеріне берілетін мемлекеттік баспанаға үміткер болуға мүмкіндік береді.

Алайда тұрғын үй инспекциясы оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

- Талапкер өз өтінішінде бұған дейін бірнеше рет уәкілетті органға жүгінгенін, балалар үйінде тәрбиеленгенін, алайда тиісті көмекті ала алмағанын көрсеткен. 1998 жылы балалар үйінен шыққаннан кейін ол жылдар бойы жалдамалы үйде тұруға мәжбүр болған.

Кейінірек ол балалар үйінің түлектері баспана алуға құқылы екенін біліп, 1998 жылдан бастап осы санатта тіркелу құқығын тануды талап етті, - деп жазады Астана соттарынан.

Сот өзінің шешімінде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – Конституцияда бекітілген мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Әлеуметтік осал топтарды қолдау үшін арнайы тетіктер қарастырылған, оған талапкер де кіреді. Балалар үйінен шыққаннан кейін оның баспана алуға толық құқығы болған, алайда тиісті құжаттардың уақытылы рәсімделмеуі балалар үйі мен білім бөлімі тарапынан әрекетсіздікке жол берілгенін көрсетеді.

Іс материалдарын зерделей келе, сот бұл жағдайлар талапкердің әлеуметтік және материалдық мүдделеріне айтарлықтай әсер еткенін, оның заңды құқықтарын жүзеге асыруына кедергі болғанын анықтады.

Сот шешімімен уәкілетті органға әйелді 1998 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тұрғын үйге мұқтаж адамдар тізіміне қою міндеттелді.

Айта кетейік, бұған дейін де осы аймақта балалар үйінің түлегі 17 жылдан кейін тұрғын үй кезегіне қайта тұрғызылғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар