Қызылордада биыл 413 үйге ыстық су келуге тиіс, әлі жартысында жоқ

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда кешеге дейін еліміздегі орталықтандырылған ыстық су жүйесі жоқ жалғыз облыс орталығы болып келді. Өңір халқы отыз жылдан бергі арманына енді ғана қол жеткізді. Kazinform тілшісі мәселенің қалай шешіліп жатқанын зерттеп көрді.

су
Фото: Pexels

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары экономикамыз тоқырап, әлеуметтік жағдайымыз ақсаған елең-алаң шақта аймақ басшылығы қолда барды ұстап қала алмады.

Қаржы тапшылығының кесірінен көпқабатты үйлерге ыстық су беру тоқтап, инфрақұрылымның тоз-тозы шықты. Мәселенің түйіні Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін тарқатыла бастады. 

Президент тапсырмасы екі кезең бойынша орындалып жатыр. Былтыр Үкімет резервінен оған 11 млрд теңге бөлінді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Қызылорда қаласында барлығы 835 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне, оның ішінде 413 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылғанын мәлімдеді.

227 үйде ыстық су жүйесі құрылыс жобасы бойынша бастапқыда қарастырылғанын, 186 үй өткен жылы ыстық сумен қамтамасыз етілген.

Алайда биыл көктемде ғана біз Қызылордада әзірге тек 104 үйге ыстық су келгенін жазған едік. 

— Биыл 237 көпқабатты тұрғын үйді ыстық суға қосу үшін Үкімет резервінен 5 млрд теңге, арнаулы мемлекеттік қордан 10,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазіргі күні құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін көпқабатты тұрғын үйлер ыстық суға қосылады, — деді басқарма басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек. 

Дегенмен, осыған дейін нақты қанша үйде жоспар орындалғаны ресми жауапта айтылмады. 

Бүгінгі күні қаладағы барлық көпқабатты тұрғын үйдің жертөлелерінде автоматтандырылған жылу пунктері мен жылу энергиясын есептеуіш құралдары орнатылған. 

— Бұл қондырғылар сыртқы температура негізінде жылу беруді автоматты түрде реттеп, тұтынушыларды жоғары сапалы жылу және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жылу желілеріндегі жүктемені азайтады. Дәл есептеу арқылы электр энергиясын үнемдей аламыз, — деді Тахир Нәдірбек.

Ескеретін нәрсе, үйіне ыстық су кіргізу-кіргізбеуді әркім өзі шешеді. Кіргізген жағдайда орнату тегін. 

Айта кетейік, Қызылорда тұрғындары отыз жыл бойы ыстық су мәселесін «Аристон» жылытқыш құралы арқылы шешіп келді

Соңғы жаңалықтар