Қызылордада дрифт жасап, жол ережесін бұзған екі жүргізуші жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері құқыққа қайшы бейнежазбаны анықтады.

Қызылордада дрифт жасап, жол ережесін бұзған екі жүргізуші жазаланды  
Фото: Polisia.kz.

Оқиға Қызылорда қаласы аумағында болған. BMWжәне Lexus автокөлігінің жүргізушілері бір орында көлікті айналдырып, дрифт жасаған.

Тәртіп сақшылары бейнежазбаны зерделеп, құқық бұзушылардың жеке басын анықтады. Олар 20 жастағы Қызылорда қаласының тұрғындары екендігі анықталды. Екі құқық бұзушыға қатысты 13 әкімшілік хаттамалар рәсімделді. 

Нақтыласақ, маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, сондай-ақ техникалық жағдайы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін және пайдалануға тыйым салынатын ақаулары бар көлікті басқарған. 

Сонымен қатар көлікті тоқтату және тоқтап тұру қағидаларын бұзып, әрі жол қозғалысына басқа қатысушыларға кедергі келтіріп, авариялық жағдай туғызған. Құқық бұзушылардың бірінде көлік басқаруға құқығы болмаған.

Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін сот шешімімен екі құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Айта кетелік Ақтөбеде әкімдік алдында дрифт жасаған жүргізушіге айыппұл салынған еді.