Қызылордада кәмелетке толмаған баласына рөлді берген анаға айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көлік жүргізу құқығы жоқ кәмелетке толмаған баласына рөлді беріп қойған азаматша К.-ге қатысты істі қарады.
Әкімшілік хаттамаға сәйкес, азаматша К.-ның жасөспірім ұлы Қызылорда қаласында автокөлік жүргізген. Оның көлік басқаруға құқығы жоқ болғанына қарамастан, анасы баласының бұл әрекетіне тосқауыл қоймаған.
— Сот бұл жағдайды ата-ананың кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамауы деп бағалап, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 127-бабы 3-бөлігі бойынша азаматша К.-ны кінәлі деп таныды. Сот қаулысымен оған 55 048 теңге көлемінде айыппұл салынды, — делінген сот таратқан ақпаратта.
Бұдан бұрын Павлодар облысы әкімінің әпкесі мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаланғанын жазған едік.