Қызылордада қаңырап қалған 120 жылыжай қателіктің «жемісі» ме

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласының «Ягодка» саяжайындағы 120 жылыжайдың жыры жылдар бойы жалғасып келеді. Kazinform тілшісі қомақты қаржыға салынып, кейін қаңырап бос қалған кешенді аралап қайтты.

Қызылордада қаңырап қалған 120 жылыжай - қателіктің «жемісі» ме
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Әп-әдемі болып басталған жұмыстың қазіргі кейпі осындай. Айналасына жыңғыл, ішіне арамшөп қаптап кеткен. Не бар, соның бәрі тозып тұр. Облыс халқын арзан, таза әрі табиғи өніммен қамтамасыз ету идеясының құрдымға кеткені ғана көзге ұрады.

Қызылордада қаңырап қалған 120 жылыжай - қателіктің «жемісі» ме
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінен мәлімдегендей, қала әкімдігінің 2011 жылғы 14 сәуірдегі №1028 және 2012 жылғы 21 ақпандағы №3161 қаулыларымен «Ягодка» бау-бақша серіктестігі маңындағы аумақтан Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жылыжай кешені үшін 10 гектар жер берілген. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев тәуір бастаманың аяқсыз қалуы әуел бастан кеткен қателіктен деп санайды.

– Есебі дұрыс жасалмаған, орын да дұрыс таңдалмаған. Ол жер жылыжайға арналмаған. Кәсіпкерлер жұмыс бастап көрді, бірақ еш нәтиже шығара алмады. Менің білуімше, қазір сот процесі жүріп жатыр. Кешен конструкциясын бөлшектеп сату жөнінде шешім қабылданған болуы керек, - дейді.

Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қаржыландырылған ұйым «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес компаниясы болған. 2021 жылы желтоқсанда Аграрлық несие корпорациясына қосылып, таратылды.

Қызылордада қаңырап қалған 120 жылыжай - қателіктің «жемісі» ме
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Жобаның авторы, тапсырыс берушісі, мердігері, операторы және оған бөлінген қаржы көлемі жөніндегі ресми сауалымызға корпорация басшылығы мұның құпия ақпарат екенін алға тартып, жылы жауып қойды.

Қызылордада қаңырап қалған 120 жылыжай - қателіктің «жемісі» ме
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Жобаны іске асыруға «Бәйтерек» холдингі мен Аграрлық несие корпорациясының қатысы жоғын, яғни комиссия құрамында компания өкілдері болмағанын мәлімдеді.

– Жылыжай лизинг алушыға 2017 жылы берілген. Заңды тұлға екі жыл бойы қияр, қызанақ сияқты көкөніс өсірумен айналысқан. Алайда, жылыжайды бірнеше себептерге байланысты тиімді пайдаланбаған. Бұл жоба бойынша сыбайлас жемқорлық сипатында іс қозғалғаны туралы ақпарат жоқ.

Жобаны Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры іске асырды. Аграрлық несие корпорациясы бұл жобаға қаражат бөлген жоқ.

Шарт талаптары, несие мерзімі, жеңілдік мерзімі, пайыздық мөлшерлеме, бастапқы жарна, кепілдік сомасы туралы ақпарат – коммерциялық құпия. Заңды күшіне енген сот шешімі бар ақпаратты немесе Кодексте белгіленген өзге де жағдайларды қоспағанда коммерциялық құпия ақпарат кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз жария етілмейді, - деген жауап келді корпорацияның басқарушы директоры Арман Әмірғожиннен.

Қызылордада қаңырап қалған 120 жылыжай - қателіктің «жемісі» ме
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Корпорация шарттық міндеттемені орындамаған клиенттің үстінен сотқа шағымданыпты.

– Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына берешекті өндіріп алу және кейіннен лизинг нысанасын алып қою арқылы қаржы лизингінің шартын бұзу бағытында талап арыз бергенбіз. Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының 2025 жылғы 11 ақпандағы қаулысымен облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 маусымдағы шешімі және облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысы осы іске сәйкес өзгертіліп, корпорацияның өтініші ішінара қанағаттандырылды, - деп жазады.

Корпорация басшылығы жылыжай жұмысын жүргізетін инвестор іздегенімен, жобаға ешкім қызығушылық танытпаған. Сөйтіп кешеннің қазір тек қаңқасы қалған. Оны қайтадан қалпына келтіру үшін қыруар қаражат қажет. Ал оның анық есебін инвестор табылып, жұмыс бастамай жатып айту мүмкін емес.

Қызылордада қаңырап қалған 120 жылыжай - қателіктің «жемісі» ме
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Қаржылық лизинг шартына сәйкес нысанды күтіп-ұстау, жөндеу және оған қызмет көрсетуді лизинг алушылар өз қаржысы есебінен жүзеге асыруға тиіс. Олардың бұдан да басқа міндеті жетерлік.

Қызылордада қаңырап қалған 120 жылыжай - қателіктің «жемісі» ме
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Айналып келгенде корпорация басшылығы «120 жылыжай біздің қарамағымызда емес» деп ақталып отыр. Көпшілікті қызықтырған кейбір сұрақтарымыз да заңға томпақ екен.

Қызылордада қаңырап қалған 120 жылыжай - қателіктің «жемісі» ме
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Айта кетейік, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, аймақта жалпы көлемі 12,1 гектарды құрайтын 21 ғана жылыжай бар.

Соңғы жаңалықтар