Қызылордада кәріз құдығына құлап, көз жұмған баланың қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қызылордада абайсызда қалалық кәріз құдығына құлап, қайтыс болған сегіз жастағы баланың қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін, 25 қарашада сағат 13.24-те Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Дағдарыс жағдайларында басқару басқармасына хабарлама келіп түсті.
Облыс орталығындағы Балқы базар көшесі бойында орналасқан №5 емхананың жанында жасөспірім абайсызда қалалық кәріз құдығына түсіп кеткен. Сағат 18:00-де құтқарушылар күшімен 2015 жылғы баланың мәйіті кәріз құдығынан табылып, сыртқа шығарылды.
«Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 279-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сот медициналық сараптама тағайындалды. Бұл бойынша, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабының талабына сәйкес, барлық тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабының талабына сәйкес қылмыстық іс бойынша қандай да тергеу әрекеті жариялауға жатпайтынын жеткіземіз», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасынан.