Қызылордада кәсіпкерлерге 70 млн теңге шығын келтірген 2 адам сотталды
АСТАНА. KAZINFORM - Қызылорда облысында алтын бұйымдарын сататын кәсіпкерлерге жалған айту арқылы 70 млн теңге көлемінде шығын келтірген екі адамға қатысты сот үкімі шықты.

Шиелі аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен екі сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Сотталушылар 2022 жылдың наурыз айында пайдакүнемдік мақсатта бөтеннің мүлкін ірі және аса ірі мөлшерде бірнеше рет жымқыру мақсатында алдын ала уәдеге келген. Сотталушылар сол жылдың 2-26 тамыз аралығында аудандағы алтын бұйымдарын сататын кәсіпкерлерге жалған айту арқылы сеніміне кірген. Олардан алтын бұйымдарын алып, нарықтық құнынан төмен бағамен ломбардтарға өткізіп отырған», - деп атап өтті Шиелі аудандық сотынан.
Түскен ақшаны олар жеке бас пайдасына жаратып жіберген. Осылайша жәбірленушілерге жалпы құны 70 089 970 теңге көлемінде мүліктік шығын келтірген.
«Сот үкімімен сотталушылардың әрқайсысына 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның 10 000 000 теңгесі қайтарылған. Талап қоюшылардың азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Олардың пайдасына өкілдің көмегіне жұмсаған шығындарын қосқанда жалпы мөлшері 60 527 690 теңге өндіру туралы шешім шығарылды», - деп толықтырды аудандық соттан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында егіз баланы сату оқиғасына қатысты үш адам сотталды.