Қызылордада кәсіпкерлік нысандарын негізсіз тексеру тыйылмай тұр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден бизнесті қорғау бағытында 321 өтініш түсті.
Соның 36%-ы оң шешімін тауып, кәсіпкерлердің 1,4 млрд теңге көлеміндегі мүліктік құқықтары қорғалды. Арыз-шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, құрылыс, сәулет және ауыл шаруашылығы салаларын қамтыды.

- Сарапшыларымыз осы кезге дейін 14 сот процесіне қатысты. Оның 12-сінде сот кәсіпкерлердің пайдасына шешім шығарды. Сондай-ақ олар 93 млн теңге қаражатын сақтап қалды. Өтініштерге талдау жасау кезінде белгілі болғаны, 49 арыз бойынша мемлекеттік органдар рұқсат беруді рәсімдеу барысында заңнамада қаралмаған қосымша құжаттарды талап еткен. 47-сінде кәсіпкерлердің арызына салғырт қараған. Өтініштердің 40%-ы кәсіппен айналысатын азаматтардың заң талаптарын толық білмейтінін көрсетті, - деді палата директоры Пірмұхаммед Сыздық.
Жыл басынан бері кәсіпкерлік нысандарына 1 344 тексеру жүргізілсе, соның тең жартысынан астамы – негізсіз тексерулер.
Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов JJ Studio эфирінде бизнеске салықтық тексерулер, өсімпұл мен айыппұлдар бойынша жеңілдіктер қарастырылатынын айтқан еді.