Қызылордада қатты желден ұшқан үй шатырларын мердігерлер қалпына келтіреді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласында 28 маусым күнгі дауылдың салдарын жою жұмысы жалғасып жатыр. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

в
Фото: Алматы әкімдігі

Жексенбі екеніне қарамастан коммуналдық қызмет, электр желісі мекемелерінің, төтенше жағдайлар саласы мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, апат салдарын жедел жоюға күш біріктірді.

- Кеше күннің күрт бұзылуынан, яғни қатты соққан желдің салдарынан Қызылорда қаласында оқыс оқиғалар болған еді. Қаланың жекелеген аумақтарында талдардың құлауынан электр желілері мен бағаналарына зақым келді. Тасбөгет кентінде екі, Астана шағын ауданында бір тұрғын үйдің шатыры ұшып кетті. Жағдайды қалпына келтіру үшін коммуналдық мекемелерді шұғыл жұмылдырдық. 20-дан астам бригада құрылып, жұмыс істеді. Нәтижесінде электр желілері қалпына келтірілді, тұрғындарға электр энергиясы үзіліссіз берілді. Шатырлар, аялдама құлаған аумақтар толық тазартылды. Мердігер мекемелер кепілдік мерзіміне байланысты шатырларды жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр және бұл қысқа мерзімде аяқталады, - деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.

Еске салсақ, Қызылорда қаласында болған қатты дауылдың салдарынан құлаған ағаштар мен электр бағаналары толықтай қалпына келтіріліп, электр энергиясы қайта берілді.