Қызылордада қауіпті маневр жасаған кортеж қатысушыларына 15 әкімшілік іс қозғалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневр жасаған кортеж қатысушылары анықталды. 

Қызылордада қауіпті маневр жасаған кортеж қатысушыларына 15 әкімшілік іс қозғалды
Фото: Видеодан скрин

Оқиға 13 қазан күні болған. 

— Құқықбұзушылық жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Барлық қатысушы анықталып, полицияға жеткізілді. Олар — 19-21 жас аралығындағы облыс тұрғындары. Жауапкершілікке тартылғандардың арасында 4 жүргізуші және 3 жолаушы бар. Барлығы заңда белгіленген тәртіппен жазаланды, — деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.

Құқық бұзушыларға қатысты 15 әкімшілік іс қозғалды. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық жасау, жолаушыларды көлік құралының кабинасынан тыс тасымалдау, авариялық жағдай туғызу, қауіпті маневр жасау деректері бойынша жауапкершілік көрілді.

— Сот шешімімен жүргізушілерге әкімшілік айыппұл салынды. Үш автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Барлық қатысушыға мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту берілді, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ жақында Қарағандыда қауіпті маневр жасап, автотұрақта отшашу атқан той кортежінің қатысушылары полиция тарапынан анықталып, жол ережесімен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапқа тартылды.