Қызылордада қаза тапқан жасөспірімнің туыстары бейнебақылау жазбаларын талап етеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордадағы орталық алаңда қаза тапқан жасөспірімнің туыстары тергеп-тексеру амалдарының әділ жүргізілуін сұрап отыр.

Қызылордада қаза тапқан жасөспірімнің туыстары бейнебақылау жазбаларын талап етеді
Фото: Видеодан скрин

Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнеүндеуден белгілі болғандай, қайғылы оқиға 21 қазан күні Қызылорда қаласының орталық алаңында болған.

Жәбірленуші тарап 13 жастағы жасөспірім жүрек тұсына бұрағыш сұғып алғаннан кейін қайтыс болғанын алға тартты. Бұған дейін де екі тарап арасында жанжал болған көрінеді. Бейресми мәліметке сәйкес, олар ойыншық көліктерді жалға беретін екі кәсіпкердің қарамағында жұмыс істеген, келіспеушілік клиентке таластан басталған. 

Марқұмның әпкесінің айтуынша, қайғылы оқиғадан бір апта бұрын бауыры жұмыс беруші әйел ұрып-соққанын айтып, сол жағдайға қатысты видео әлеуметтік желіде таралған.

— Мұның алдында да жәй-жәй оқталулар, қорқытулар болды. «Балаңды алып кет, бұл жерде тұрғызбаймын» деген сөздер де болды. Біз оның бәрін қойдық. Енді осының соңы осылай өлімге әкеліп отыр, — деді ол.

Марқұмның туыстарын күдіктінің 14 жасқа толмауы себепті жазадан құтылып кетуі мүмкін екені алаңдатады. Оның үстіне отбасы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу барысы туралы толық ақпарат ала алмай отырғанына алаңдаулы.

Бейнежазба авторы оқиға болған жердегі бейнебақылау камераларының жазбаларына қатысты мәселе көтерді.

— Ешкім үйімізге келіп, тергеу-тексеру амалдарын жүргізген жоқ. Не болғаны туралы ешқандай түсінік алған жоқ. Біз өзіміз барып табалдырығын тоздырып жүрміз. Камералардан ешқандай видео алынбады. Алынған болса барлығы тұрар еді, — делінген бейнежазбада.

Қызылорда облыстық полиция департаменті кәмелетке толмағанның абайсызда өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

— Кәмелетке толмаған күдікті облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ тергеу аясында кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді, — делінген ресми хабарламада.

Осы қайғылы жағдайдан кейін тұрғындар орталық алаңдағы ойыншық көліктерді жалға беру қызметі мен ондағы тәртіпке қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр.