Қызылордада қыздарға араша түскен жігітті пышақтап кетті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада көшедегі жанжал салдарынан бір азамат пышақ жарақатын алды.

Қызылордада қыздарға араша түскен жігітті пышақтап кетті
Фото: minval.az

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, оқиға 20 қараша күні шамамен кешкі сағат 19:30-20:00 аралығында болған. Алкогольді ішімдік ішкен ер адам екі қызға тиіскен. Осы кезде қыздарға араша түсуге келген азаматты күдікті пышақтаған.

— Жәбірленуші жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Ал күдіктіні оқиға орнынан полиция қызметкерлері алып кетті, — делінген жазбада.

Қыздарды қорғаған жігіт есін жиған. Ал облыстық полиция департаменті осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

— Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 42 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Сот санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, — делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қылмыстық істің тергелу барысы департаменттің бақылауында.

Еске салайық, жуырда Атырау облысының Индер ауданындағы «Балдәурен» балабақшасында тәрбиешінің бүлдіршінге күш көрсеткен сәті бейнежазбаға түсіп қалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.