Үйде болмасақ та, коммуналдық төлем қымбат шықты: қызылордалықтар шағымына басқарма басшысы жауап берді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында коммуналдық төлемді қабылдау мен есептеудің жаңа жүйесіне қатысты түсініспеушілік туындады.
Есеп айырысу, берешек сомасы мен төлемнің жүйеде көрсетілуіне байланысты мәселе туындаған. Әлеуметтік желіде де осы мазмұндағы шағымдар жарияланып жатыр.
Қазалы ауданының тұрғыны Құралай Асаубаева шілде және тамыз айларында үйінде адам болмағанына қарамастан көп сома көрсетілген түбіртек алған.
— Балам есептеспей шілде айына 13 мың теңге төлеп жіберіпті. Kaspi.kz қосымшасы арқылы бүгін АЛСЕКО компаниясынан тағы тамыз айына 10 мың теңге төлеу туралы хабарлама келіп тұр. Бұрын ай сайын 3000 теңге, әрі кеткенде 5000 теңге төлеуші едік. Екі ай бойы үйде ешкім болмаса, не үшін осыншама ақша төлеуіміз керек? Соны түсінбедік. Көршілер де осы туралы айтып жүр, — деп жазды ол.
Шағымдарға қарағанда мәселе тек төлем сомасының өсуінде емес. Тұрғындарды жаңа жүйедегі есептің ашықтығы мен түбіртектегі мәліметтің дұрыстығы да алаңдатады. Тұрғындар жаңа жүйе бойынша электр мен жылу энергиясы, ауызсу, қатты тұрмыстық қалдықты шығару қызметі үшін бір дербес шот арқылы есеп айырыса алады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, бұл жұмысқа Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы, Қызылорда жылу электр орталығы, Қызылорда су жүйесі, Қызылорда тазалығы кәсіпорындары тартылған. Аталған мекемелермен мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша бірыңғай есеп айырысу орталығының қызметін АЛСЕКО жүзеге асырып келеді. Алматылық компанияның ақпараттық жүйесінде коммуналдық төлемнің барлық түрі бір ғана төлем құжатына біріктірілген.
— Ондағы соманың қалыптасуына қатысты түрлі сұрақтар туындауы мүмкін. Осы орайда маңызды мәселені атап өткен жөн. АЛСЕКО коммуналдық қызмет тарифін белгілемейді, тұтынушының төлем шоттарына өз бетінше өзгеріс енгізбейді немесе қосымша сома қосуға мүмкіндігі жоқ. Егер тұрғын түбіртектегі су, жылу немесе электр энергиясына қатысты есептеуге күмәнданса, алдымен сол қызметті көрсететін мекемеге жүгінуі қажет, — деді басқарма басшысы Медет Усаин.
Бұл тәжірибе Қызылорда облысында ғана емес, еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мақсат — коммуналдық төлем жүргізу тәртібін жеңілдету, есептеудің ашықтығын қамтамасыз ету, коммуналдық қызмет жөніндегі барлық ақпаратты бір құжатқа біріктіру.
— «Неге дәл осы АЛСЕКО таңдалды»? деген сұрақ туындайды. Қызмет көрсетуші мекемелер арасында мемлекеттік сатып алу аясында бағаға сәйкес қайсысы жеңіске жетеді, сол қызмет көрсетеді. Бұл компания да осы жүйе арқылы таңдалған. Ал жарық бағасының тым жоғары екеніне айтарым, электр энергиясын тұтыну көлемі жаз айларында артады. Өйткені тұрғындар тоңазытқыш пен желдеткішті әдеттегіден көп пайдаланады. Халық «неге күн суығанда, яғни қыркүйек айында да көп сома төлейміз?» деп сұрайды. Бұл — тамыз айында пайдаланылған электр энергиясының көрсеткіші. Шот әр айдың 25-інен 31-іне дейінгі аралықта есептеледі. Абоненттердің шот көрсеткішін бір күнде алу мүмкін емес, — деді Медет Усаин.
Мамандар төлем сомасында түсініспеушілік туындаған жағдайда тұрғындарды есептегіштің нақты көрсеткішін тексеріп, мәселені қызмет көрсетуші мекемеге жүгініп, нақтылауға шақырды.
Тұтынушылар бірыңғай төлем құжатын, төлем тарихын және коммуналдық қызмет көрсетушілердің байланыс дерегін «Smart ЖКХ» мобильді және веб-қосымшасы арқылы тегін біле алады.
— Төлем құжаттарын ай ішінде қайта жаңарту, коммуналдық қызмет бойынша тікелей төлемді бірыңғай төлем құжатына кезең-кезеңімен көшіру және тұтынушылардың мекенжай деректерін біріздендіру қажет. Бұл мәселелер бойынша барлық қызмет көрсетушімен бірге жұмыс жүргізіп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз — тұтынушыға бірнеше жерден төлем іздеп, әр қызмет бойынша бөлек есеп жүргізбей, барлық коммуналдық қызметті бір құжаттан көруге және төлеуге мүмкіндік беру, — деді АЛСЕКО АҚ коммерциялық директоры Алексей Бозжанов.
Еске салайық, шілде айында Қызылорда қаласында электр желілері мен қосалқы станцияларына шамадан тыс күш түсті. Қалыпты жағдайда қажеттілік 92 МВт болса, аптап ыстықта бұл көрсеткіш 32%-ға артты.