Қызылордада күріш қауызы кәдеге асып жатыр ма

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Сыр өңірінің аграрлық саласында күріш қауызын кәдеге жарату мәселесі қалай шешілуде? Осы жөнінде Kazinform тілшісі сала басшылары және ғалымдармен ой бөлісті.

қауыз
Фото: alibaba.com

Қалдықсыз өнім — уақыт талабы

Еліміз бойынша күріш өндірісінің 85 пайызға жуығы Қызылорда облысының үлесіне тиеді. Қалған бөлігін Түркістан және Алматы облысы еншілейді.

Қызылордалық диқандар жылма-жыл мол өнімге негіз қалап жүр. Десе де оны тереңдете өңдеу ісінде әлі де проблемалар бар. Атап айтқанда, күріш қауызын қалай кәдеге жаратып отырмыз?

Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев қазір күріш қауызын пайдалану бағытында бірқатар жоба қолға алынып жатқанын жеткізді.

а
Фото жеке мұрағатынан

— Жалпы, күріш қалдықтарын тереңдете өңдеу мәселесіне баса назар аударып келеміз. Әрбір жобаның тиімділігі таразыланады. Рас, бұған дейін күріш қауызынан кремний оксидін шығару жобасына назар аударылған еді. Бұл жобаның тиімділігі қандай? Оған шикізат қоры жете ме? Алдымен осы мәселе ескеріледі. Өйткені, оны өңдейтін зауыттың құрал-жабдығы арзан тұрмайды. Қаншама қаржы жұмсалады. Біздегі шикізат аталған зауыттардың қуатына жетпейді. Зерттей келе оның тиімсіз тұсы көп екеніне назар аударылды. Кезінде күріш қауызы өртеліп жататын. Қазір оған тыйым салынды. Осы мақсатта ендігі кезекте күріш қауызын жем өндіру ісіне пайдалануға мән беріп отырмыз. Нәтижесінде күріш шаруашылығында қалдықсыз өнім шығаруға мән беріліп келеді. Әрине, біз оны тек жем өндірісіне кәдеге жаратып отырған жоқпыз. Аграрлық салада еңбек етіп жүрген жергілікті кәсіпкерлер оған қатысты тағы бір жобаны ұсынып отыр. Мәселен, Қытай, Оңтүстік Корея елдерінде күріш қауызынан жартылай фабрикат дайындау жолға қойылған. Кәсіпкерлер аталған жобаның тиімділігін зерттеп жатыр. Ол өнімдерге біздің нарықта сұраныс бар ма? Алдағы уақытта сұраныс болып жатса, бұл жоба жүзеге асуы мүмкін, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта күріш шаруашылығында қалдықсыз өнім шығаруға мән берілген. Шаруалар оны бұрынғыдай өртеп, қоршаған ортаның ластануына кері әсерін тигізіп жатқан жоқ.

Ғалымдар жобасына қолдау керек

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов күріш қауызына байланысты бірқатар ғылыми жобаны жүзеге асырған.

а
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Соның бірі — кремний диоксидіне қатысты болатын. Дегенмен аталған жоба қазір жалғасын тапқан жоқ. 

— Жоба бойынша магистрантым ғылыми ізденіс жасаған еді. Қаржы мәселесіне байланысты тоқтап қалды. Кремний диоксиді шыны, керамика, абразив, бетонды жабдықтар, тіс пастасы, косметика, оптоталшық және өзге де өндірісте қолданылады. Негізінде кремний диоксиді құмнан алынады. Біз оны күріш қауызынан, яғни қалдықтан алу технологиясын жасадық. Қазіргі уақытта күріш қауызынан белсендірілген көмір жасау ісін жолға қойып отырмыз. Сол арқылы ластанған суды қалпына келтіріп, ауыз суды тазартуға болады. Сондай-ақ улы газды ортада жұмыс істейтін адамдардың денсаулығына зиянды әсерді азайтуға қолдануға мүмкіндік бар. Өзге де қолданылатын жерлері бар. Бұрынғы жылдары күріш қауызы өртелетін. Тіпті оны жерге көміп тастасаң да шірімейді. Қысқасы, қоршаған ортаның ластануына көп әсері бар еді, — дейді ғалым.

Қазір ауыл шаруашылығы өндірісіндегі еңбеккерлер оны жем шығаруға пайдаланып жүр.

— Дегенмен оны тығырықтан шығудың төте жолы ретінде бағалай алмаймыз. Бұл бағытта әлемнің көптеген елінде түрлі жобалар қолға алынған. Оның ішінде кремний оксидін шағару ісі де бар. Әрине, бұл жоба қамбатқа түседі, оған қаншама миллион доллар қаржы кетуі мүмкін. Кейінгі уақытта біз күріш қауызынан белсендірілге көмір алуға байланысты зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Алғашқыда оның сапасы төмен екенін байқадық. Сондықтан оның сапасын арттыру мақсатында мұнай қалдықтары, крахмал секілді бірқатар дүниелер қосылды. Нәтижесінде біз өндірісте пайдалануға болатын белсендірілген көмірді алуға мүмкіндік туды. Қайсы істе де қомақта қаржы қажет болады. Біз жұмыстарды жалғастыру үшін зертханалық қондырғы алуға қол жеткіздік. Оны Қытайдан арнайы жасаттық, — деді Н. Аппазов.

а
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қалдықтан қағаз шығаруға болады

Ғалым белсендірілген көмір биологиялық тазарту станциясында пайдаланылып жатқанын тілге тиек етті. Бұл жұмыс өз тиімділігін көрсеткен.

— Ол әзірге үлкен көлемде жүзеге асып жатқан жоқ. Алайда біз оның тиімділігіне толық көзімізді жеткізе алдық. Бұл іске бізбен бірге су саласының мамандары, эколог, агрономдар атсалысып жатыр. Сол арқылы Тасбөгет кентінде орналасқан биологиялық тазарту станциясынан шыққан сарқынды су тазартылып, ол әртүрлі ағаш екпесін, мал азығы дақылдарын суаруға пайдаланылып келеді, — деп толықтырды әңгімесін Н.Аппазов.

Сондай-ақ Нұрбол Аппазов бастаған қызылордалық ғалымдар күріштің сабағы мен қауызынан қағаз жасау жобасын жасап шықты.

Айта кетерлігі, ол қазір қолданыста жүрген кеңсе қағазынан ешбір кем түспейді. Аталған жоба осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған. 

Бұл бағытта ғалымдар тыңғылықты ізденіс жасаған.Сол мақсатта жұмыс тобына жеті-сегіз маман тартылған. Нәтижесінде күріштің сабағы мен қауызынан кеңсе қағазы мен әжетхана қағазын өндірудің жолын тапқан.

қауыз
Фото: Pexels

Бүгінде авторлары ғылыми жобасын патенттеп те алған.

Қысқасы, күріш өндірісінде қалдықсыз өнім шығаруға барлық мүмкіндік бар. Дегенмен алдымен оның тиімділігі назарға алынуы тиіс. Әрине, кейбір мәселелер қаржыға келіп тірелетіні тағы бар.

Соңғы жаңалықтар