Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылордада күріш жинау науқаны тамыздың үшінші онкүндігінде басталады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында биыл 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Қызылордада күріш жинау науқаны тамыздың үшінші онкүндігінде басталады
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, су ресурсын тиімді пайдалану үшін күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарды.

- Осылайша 70,1 мың гектарға Сыр салысы орналастырылды. Қысқартылған күріш дақылының орнына дәндік жүгері егісі биыл 5 есе ұлғайып, 10 мың гектарға егілді. Күріш жинау жұмысын тамыз айының үшінші онкүндігінде бастау жоспарланған, - деді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.

Егін шаруашылықтарында су үнемдеу технологияларын қолдану аясы кеңейіп келеді. Былтыр 8 мың 100 гектар алқапта осындай технология қолданылса, биыл оның көлемі 14 мың 200 гектарға дейін артты.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барып, өңірдегі вегетация кезеңінің өту барысымен танысты.