Қызылордада метрологиялық бұзушылықтар анықталған компанияға айыппұл салынды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті 2026 жылдың алғашқы жартысында 80 мемлекеттік бақылау, тексеру жұмысын жүргізді.
Оның 65-і немесе 81%-нан бұзушылықтар анықталды.
— Сонымен қатар 1 әкімшілік іс қаралып, 670 375 теңге әкімшілік айыппұл бюджетке өндірілді. Ақпараттық жүйелерге мониторинг қорытындысымен «Энергетик KZO» ЖШС-нің 35 өлшем құралының салыстырып тексеру сертификаттарынан бұзушылық анықталып, олардың күші жойылды. «Келін шай», «Аль Хаят» шайлары, «Петропавловское» ультрапастерленген сүті көрсеткіштері бойынша талапқа сай келмеуіне байланысты сәйкестік декларацияларынан айырылды. Сондай-ақ «Мозырсоль» ас тұзы, «Сhoco Pie» печеньесі, «Fariman» ашытқы өнімдерінің таңбалануында мемлекеттік тілде ақпарат болмаған. Олардың да сәйкестік декларацияларының күші жойылды, — деді департамент басшысы Бауыржан Қарсақбаев.
Электр энергиясын өндіретін «Кристалл Менеджмент» АҚ-ға қатысты метрологиялық бұзушылықтар анықталып, әкімшілік айыппұл салынды. Бензин, мотор майы, мұздатқыш сұйықтығының үлгілерін сынақтан өткізгенде өнімдер таңбалануы бойынша техникалық регламент талаптарына сай болмай шықты. Нәтижесінде 2 өнім сауда айналымынан алынды.
Еске салайық, департамент өткен жылы 3 әкімшілік істі қарау нәтижесінде 1 млн 288 мың теңгеге жуық айыппұл бюджетке өндірген болатын.