Қызылордада оңалту көмегін қаржыландыру көлемі 1,5 есе артты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Осы жылдың алғашқы төрт айында Қызылорда облысындағы күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда 3 912 пациент медициналық оңалтудан өтті. 13 789 амбулаториялық оңалту қызметі көрсетілді. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Әбдусәметов мәлімдеді.

Қызылордада оңалту көмегін қаржыландыру көлемі 1,5 есе артты
Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы нда филиалы

Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында өңірде оңалту көмегін қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді.

– Егер 2022 жылы оңалту көмегіне 2,7 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы қаржыландыру көлемі бір жарым еседен астам өсіп, 4,1 млрд теңгеге жетті. Биылғы төрт айда медициналық оңалту қызметін көрсетуге 1,2 млрд теңге бағытталды, – деді филиал басшысы.

Қызылордада оңалту көмегін қаржыландыру көлемі 1,5 есе артты
Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы нда филиалы

Медициналық оңалту пациенттерге ауыр сырқат, жарақат және хирургиялық араласудан кейін ағзаның жоғалған функциясын қалпына келтіруге, күнделікті өмірге қайта оралуға мүмкіндік береді.

– Көптеген адам мұндай көмекті қымбат әрі қолжетімсіз деп есептейді. Алайда медициналық көрсетілім болған жағдайда ем тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде негізгі ауруды, сондай-ақ туберкулезбен ауыратындарды емдеу кезінде, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аурулар мен проблемалардың халықаралық жіктемесі бойынша аурулар тізбесіне сәйкес тегін жүргізіледі, – деді Жақсылық Әбдусәметов.

Айта кетейік, елімізде биылғы қаңтар айынан бастап бұған дейін МӘМС жүйесіне кірмеген 800 мыңнан аса адам сақтандыру мәртебесіне ие болғанын жаздық.