Қызылордада полиция қызметкеріне дөрекілік көрсеткен жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде жасөспірімдердің полиция қызметкеріне дөрекілік көрсеткен видеосы тарады. Видео Instagram әлеуметтік желісіндегі Livenews.kz парақшасында жарияланды. Қызылорда облыстық полициясы бұл жағдай облыс аумағында түсірілгенін мәлімдеді.

— 10 маусым күні таңғы сағат 5 жарым шамасында облыс орталығындағы аудандардың бірінде полиция қызметкерлері тыныштықты бұзу туралы хабарлама бойынша барған. Аталған құқықбұзушылық бойынша жасөспірімдер ұсталып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке, оның ішінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүргендері үшін де жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімдердің біріне қатысты билік өкілін қорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ жасөспірімдердің ата-аналары кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық дерек бойынша тиісті шаралар қабылданады, — делінген хабарламада.
Полиция департаменті заң талаптарын сақтау жасы мен мәртебесіне қарамастан әрбір адамның міндеті екенін еске салды.
— Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін қызметкерлерге құрмет көрсетпеу заңды құрметтемеумен бірдей, — деп ескертті ведомство.
Бұған дейін біз Instagram әлеуметтік желісінде Қызылорда қаласында жүріп келе жатқан көлікте ерсі қылық көрсетіп тренд түсірген жастардың видеосы тарағанын, оған да облыстық полиция департаменті түсініктеме бергенін хабарлаған едік.