Қызылордада пробация есебіндегі 19 адам түрмеге жіберілді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында ұрлық жасап ұсталып, бас бостандығы шектелген тұрғын тәртіпке бағынбағаны үшін түрмеге жіберілді. 

Қызылордада пробация есебіндегі 19 адам түрмеге жіберілді
Фото: Pexels

Бұған дейін жасаған қылмысы үшін сот оның бас бостандығын 4 жыл мерзімге шектеген. Сөйтіп, Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебіне алынған.

— Оған тұрғылықты мекен-жайында бар-жоғын қадағалауға мүмкіндік беретін электронды бақылау құрылғысы тағылған. Пробация инспекторлары бірнеше рет ескерту жасап, жаза өтеу тәртібі мен міндеттерін түсіндірсе де сотталған тұрғын кешкі сағат 22.00-ден кейін көрсетілген мекен-жайда болмаған. Электронды құрылғы арқылы оның 3 рет жаза өтеу тәртібін және 2 рет әкімшілік құқық бұзғаны анықталды, — делінген облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің хабарламасында. 

Пробация қызметінің ұсынысымен сот оның жазасының өтелмеген бөлігін, яғни 3 жыл 7 ай 16 күн мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. 

Департаменттің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған 19 адам жаза өтеу тәртібін бұзғаны үшін сот шешімімен бас бостандығынан айырылған. 

Айта кетейік, осыдан бұрын 5 жылда Қызылордада сотталғандар саны 57,5%-ға өскенін жазған едік. Жалпы Қызылорда облысында қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 3 мекеме бар. Оларда 1 400-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр.

Соңғы жаңалықтар