Қызылордада пробацияда жүгенсіз кеткен 44 адам түрмеге қамалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада пробация есебіндегі 44 азамат түрмеге қамалды. 

түрме
Фото: Pexels

Қызылорда облысында жаза өтеу тәртібін бұзып, пробациялық бақылауға бағынбаған есептегі 44 сотталған бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесіне жіберілді.

Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аудандық және қалалық пробация қызметінің есебінде 1000-ға жуық сотталған бар.

Оның арасында жаза өтеу тәртібі мен сот міндеттеген талаптарды бұзып, пробациялық бақылауға бағынбайтын сотталғандар да кездеседі.

Олармен профилактикалық жұмыс жүргізілгеніне қарамастан еш нәтиже шығармаған.

Пробация қызметкерлері 44 сотталғанның іс-құжаттарын жинап, сотқа жолдады. Сот қаулысымен олар бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесіне жіберілді.

ҚАЖ департаментінің пробация қызметтеріне басшылық жасау тобының инспекторы, әділет майоры Сәбигүл Тлеуованың айтуынша, жуырда Қызылорда қалалық пробация есебіндегі тағы бір сотталған түзеу мекемесіне жіберілген.

Ол Қызылорда қалалық № 2 сотының 2022 жылғы 5 тамыздағы үкімімен ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы, 24-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығы шектелген еді. 

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылып, пробациялық бақылау белгіленген.

Алайда, ол 100 сағат мәжбүрлі еңбекті орындамай, бірнеше рет әкімшілік құқық бұзып, түнгі мезгілде қала аумағында жүріп, тұрғылықты мекенжайында болмай, жаза өтеу тәртібін бұзған.

Қаулы күшіне еніп, жазасының өтелмеген бөлігі — 1 жыл 27 күнін темір торда өтейтін болды.

— Есепке қою кезінде пробация қызметкерлері есептегі тұлғаларға сот жүктеген міндеттерді орындау, жаза өтеу тәртібін бұзбау және бақылаудан жасырынбау, ойын-сауық орындарына бармау, мекенжайды ескертусіз тастап кетпеу секілді міндеттерін түсіндіріп, жаза өтеу тәртібін бұзған жағдайда жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылатыны жөнінде ескертіп, толық ақпараттандырады. Алайда ескертуге құлақ аспағандар түзеу мекемесіне жіберіліп жатыр, -дейді әділет майоры Сәбигүл Тлеуова.

Соңғы жаңалықтар