Қызылордада салмағы 549 грамм сәбиге бірегей ота жасалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық перинаталды орталығының дәрігерлері салмағы небәрі 549 грамм нәрестеге күрделі хирургиялық операция жасады.
Нәресте ана құрсағында 24 апта 3 күн дамып, перинаталды орталықта кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Экстремалды төмен салмақпен туған сәбидің жағдайы өмірінің 27-тәулігінде күрт нашарлаған.
- Шала туылу салдарынан баладан ауыр дәрежелі бронхөкпелік дисплазия, неонаталдық пневмония, некроздаушы энтероколит, перитонит және ішектің тесілуі анықталған. Нәрестенің жағдайын тұрақтандыру мақсатында дереу қарқынды емдеу шаралары жүргізіліп, гемотрансфузия (қан құю) жасалды. Осыдан кейін тәжірибелі мамандар шұғыл хирургиялық отаға кірісті. Мамандардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде тоқ ішектің некрозға (шіруге) ұшыраған бөлігі кесіліп, стома шығарылды, - делінген хабарламада.
Күрделі отаны неонатальды хирург Б.Маханбетияров, көмекші хирург С.Нүсіпқожаев және балалар анестезиологы И.Самсонов жасады. Сондай-ақ операциялық мейіргер Н.Ұзақбай мен мейіргер З.Сайлаубекова да ота барысында жоғары кәсібилік танытты.
Мамандардың айтуынша, отадан кейін нәрестенің жағдайы әлі өте ауыр. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде қарқынды ем қабылдап жатыр. Сәбидің жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Еске салайық, жуырда Алматы онкологиялық орталығында роботтандырылған хирургиялық жүйенің көмегімен өкпе қатерлі ісігіне қатысты алғашқы екі операция жасалды.