Қызылордада сексеуіл кескендер жазаға тартылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры жеріндегі сексеуіл ағашын кесудің 2 жағдайы тіркелді.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, 2 адамға әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 381-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған құжаттар сотқа жолданған. Сот шешімімен екеуі де кінәлі деп танылып, әкімшілік жазаға тартылды. Орман қорына келтірілген залалды толық өндірді.
— Сонымен қатар сексеуіл ағашы бөліктерін заңсыз тасымалдау тыйылмай тұр. Жыл басынан бері осындай 8 дерек анықталып, құқық бұзушылардың ісі әкімшілік кодекстің 389-бабымен сотта қаралды. Нәтижесінде сот шешімімен оларға әкімшілік айыппұл салынды, — деді инспекцияның бөлім басшысы Айбек Жолақанов.

Экология және табиғи ресурстар министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы № 260 бұйрығына сәйкес еліміздің мемлекеттік орман қоры жерінде 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін сексеуіл кесуге тыйым салынған. Оған тек уран кен орындарын қазып шығаратын аумақ, мемлекеттік орман қорының магистралды құбырлар өтетін тұсы кірмейді.

— Облыс бойынша мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы — 7 541 848 гектар. Мемлекеттік орман қорының 3 824 185 гектары орманмен қамтылған. Оның 90,7%-ын сексеуіл алқабы алып жатыр, — деді Айбек Жолақанов.
Айта кетейік, биыл Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 100 гектар жерде фитоорман-мелиорация жұмысы атқарылады.