Қызылордада шахматтан балалар арасындағы ел кубогы басталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бүгін Қызылорда қаласында классикалық шахматтан Аралбай Махамбетовтың жүлдесіне арналған балалар арасындағы ел кубогының ІІ кезеңі ресми түрде ашылды.

шахмат бала
Фото: Қызылорда облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы хабарлағандай, 17 рет ұйымдастырылған ой спортына Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттері және еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам спортшы қатысып жатыр. 

шахмат бала
Фото: Қызылорда облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов шахмат шеберлеріне сәттілік тіледі.

– Облыста 15 мыңнан астам адам шахматпен тұрақты түрде айналысады. Олардың арасында облыс тарихындағы тұңғыш ФИДЕ шебері, шахматтан 3 дүркін әлем чемпионы, 7 дүркін Азия чемпионы, 18 дүркін Қазақстан чемпионы Әсел Серікбай, жасөспірімдер мен жастар арасындағы 17 дүркін Қазақстан чемпионы, 3 дүркін әлем және Азия чемпионы Назерке Нұрғали, 8 дүркін Қазақстан чемпионы, Орта Азия чемпионы Аңсат Алдияр, 2 дүркін ел чемпионы және Азия чемпионатының жүлдегері Ернұр Ержанұлы, 2 дүркін Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері, классикалық шахматтан балалар арасындағы ел кубогының І кезеңінің жеңімпазы Ақылжан Мейірханұлы бар. Бүгінгі сайысқа қатысушыларға сәттілік тілейміз, – деді ол.

Қазақстан кубогының ІІ кезеңі 2-8 мамыр аралығында өтеді. 

шахмат бала
Фото: Қызылорда облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Жақында Қызылорда қаласында Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнир мәресіне жетті.

Соңғы жаңалықтар