Қызылордада ішімдіксіз ауылдар саны 47-ге жетті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес 2026 жылғы 15-19 маусым аралығында елімізде «Ішімдіксіз ауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Қызылордада ішімдіксіз ауылдар саны 47-ге жетті
Фото: Kazinform

Қызылорда облысында ауыл ақсақалдары, прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және белсенді жастардың бірлескен жұмысы нәтижесінде бұған дейін 39 ауыл «Ішімдіксіз ауыл» мәртебесіне ие болған еді.

Облыстық полиция департаменті оған тағы 8 ауыл қосылғанын атап өтті.

— Жаңақорған ауданындағы Аққұм және Манап ауылдары, Арал ауданындағы Үкілісай ауылы, Қармақшы ауданындағы Алдашбай ахун ауылы, Сырдария ауданындағы Ақжарма, А.Тоқмағамбетов және С. Сейфуллин ауылдары бастаманы қолдады. Нәтижесінде ішімдіксіз ауылдар саны 47-ге жетті. Бұл елді мекендерде қоғамдық тәртіп нығайып, құқық бұзушылықтар мен қылмыс деңгейінің төмендегені байқалды. Әсіресе, тұрмыстық жанжалдар, қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар және алкогольді ішімдіктерге байланысты келеңсіз оқиғалар азайған, — делінген хабарламада.

Тізімге енген елді мекендердің бірі — Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылы. Мұнда 2300-ден астам адам тұрады, оларға 4 сауда орны қызмет көрсетеді. Бастаманы дүкен иелері де, тұрғындар да бірауыздан мақұлдады.

Іс-шара басталғалы облыс көлемінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын бұзудың 18 дерегі және 440-бабы бойынша қоғамдық орындарға масаң күйде келудің 73 дерегі анықталып, құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.