Қызылордада сотталғандар арасында отбасын құрғандар қатары артты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемеде мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында отбасын құрып, некесін заңдастырғандар саны артып келеді.
Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, жыл басынан бері 27 адам теңін тауып, некелесуге өтініш берген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға жоғары.
– Жас жұбайларға Отбасы орталығының өкілі неке куәлігін салтанатты түрде табыстайды. Маңызды шараға мекеме теологтары да қатысып, отбасының қоғамдағы орны, сыйластық пен татулықтың маңызы жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізеді. Отбасын құру туралы шешім қабылдаған азаматтардың өмірге қатысты ұстанымы өзгеріп, болашаққа сенімі нығая түседі. Бұл олардың қоғамға бейімделуіне және қайта қылмысқа бармауына әсер етеді, – деді мекеме заңгері Ардақ Ізмағамбетова.
Бұрын хабарлағанымыздай, Ұлттық статистика бюросы Халықаралық отбасы күніне орай Қазақстандағы неке статистикасын жариялады.