Қызылордада тәртіп сақшылары түнгі клубтағы заңсыз сақталған заттарды анықтады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылордада тәртіп сақшылары түнгі клубтардың бірінде заңсыз сақталған заттарды анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz. 

Қызылордада тәртіп сақшылары түнгі клубтағы заңсыз сақталған заттарды анықтады
Фото: polisia.kz

Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері өңірде заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Жуырда өткізілген жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары түнгі клубтардың бірінде заңсыз сақталған заттарды анықтады.

Тексеру кезінде клуб ішінен екі 10 литрлік газ баллоны, арнайы пакеттерге салынған шарлар және кальян аппараты тәркіленіп, олар заттай дәлелдеме ретінде тіркелді.

— Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 310-бабының 1-бөлігіне (Есірткі немесе өзге де есірткілік әсер беретін заттарды қолдануға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында демалыс және мереке күндері қала аумағында полиция қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді, - делінген хабарламада. 

Аталған өңірдегі барлық ойын-сауық орыны қатаң бақылауға алынып, кезекті тексерулер жүргізілмек. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордада сиырды жеңіл көлікке тиеген ұрылар ұсталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар