Қызылордада тұрғындар асфальтсыз көшелерге шағымданды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы бірқатар көшенің тұрғындары асфальтсыз жолдың азабын тартып отырғанын айтып, шағым білдірді.

Қызылордада тұрғындар асфальтсыз көшелерге шағымданды
Фото: Threads әлеуметтік желісінен

1 мамыр көшесінің аяқ жағында тұратын тұрғын Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында көшенің сапасы сын көтермейтінін алға тартты. Оның айтуынша, батпаққа айналған жолмен жүру қиын. Тіпті такси жүргізушілері мекенжайды таба алмай, тапсырысты қабылдаудан бас тартатын жағдайлар болып тұрады.

Қызылордада тұрғындар асфальтсыз көшелерге шағымданды
Фото: Threads әлеуметтік желісінен
Қызылордада тұрғындар асфальтсыз көшелерге шағымданды
Фото: Threads әлеуметтік желісінен

– Қашан қалыпты асфальт жол болады? Таксистер мекенжайды таппай, «адам тұра ма?» деп сұрайды, – делінген жазбада.

Бұл мәселеге қала әкімдігі жауап берді. Әкімдіктің мәліметінше, биыл қаланың шет аймақтарындағы 72 көшеге асфальт төселген.

– Оның ішінде әл Фараби шағын ауданындағы 13 көшеге асфальт төселді. Ал 1 мамыр көшесіне асфальт төсеу жұмысы 2027 жылға арналған жоспарға енді, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Титов қыстағындағы Желкілдек батыр көшесінің тұрғындары да жолдың жөнделуін асыға күтіп отыр.

– Асфальтті қашанғы күтіп жүреміз? Қашан төселеді? Титовтың барлық көшесінде асфальт, бізде ғана жоқ, – делінген Instagram әлеуметтік желісіндегі Критика Қызылорда парақшасында.

Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің хабарлауынша, Желкілдек батыр көшесі жөндеуді қажет ететін көшелер тізімінде тұр.

– Осыған сәйкес жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттен қаражат сұралады. Қажет қаражат бөлінгеннен кейін тиісті жұмыс кезең-кезеңімен атқарылады, – деп мәлімдеді аталған бөлім.

Еске салайық, Астана қаласындағы қоқыс, бүлінген жол немесе істемейтін көше шамы туралы енді бір фото арқылы хабарлауға болады. TazaQazBot чат-боты арқылы түскен 24 мыңнан астам өтініштің 91,8%-ы орындалған.