Қызылордада түрмеге гамбургердің ішіне насыбай жасырып өткізбек болған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы №60 мекемеде жазасын өтеушіге тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

в
Фото: Қызылорда облысы ҚАЖ

9 жылға бас бостандығынан айырылған сотталғанның інісі сәлем-сауқат арқылы гамбургердің ішіне насыбай жасырып өткізбек болған.

- Алайда бақылау-өткізу бекетінде қызмет атқаратын 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі мен №60 мекеме қызметкерлері күмәнді затты дер кезінде байқап, тексеру барысында тыйым салынған өнімді анықтады. Қазіргі уақытта аталған азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабы бойынша тиісті құжаттар рәсімделіп, материалдар әкімшілік сотқа жолданды.

Айта кетейік, Қазақстанда насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынған. Ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасағандар заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Бұған дейін Ақтау әуежайында есірткі капсулаларын жұтып қойған адам ұсталды.