Қызылордада тұрмыстық қалдықтың тек 32,8 пайызы өңделеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 11 айда Қызылорда облысында 230 715 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Соның 75 630 тоннасы өңделді, бұл дегеніміз — небәрі 32,8%.

тұрмыстық қалдық, өңдеу
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, қоқыс жинау, тасымалдау, сұрыптау және өңдеу саласында 17 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.

— Мысалы, «Smart Rubber» серіктестігі автокөлік шиналарынан резеңке ұнтақтарын немесе гранула шығарады. Ал «Мейрамбек» жеке кәсіпкерлігі макулатура, картон қалдығын әжетхана қағазына айналдырады. Одан бөлек макулатура, пластик, картон қалдығын арнайы қабылдау пунктінде қабылдап, сұрыптайтын кәсіпкерлік нысандары бар, — деді басқарма басшысы Ғалымжан Еркебай.

Қызылорда, тұрмыстық қалдық өңдеу
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қоқысты сұрыптау, өңдеу бағытында өңірде 99 млрд 259 млн теңге есебінен 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде құны 98 млрд 700 млн теңге болатын 9 жобаны «Жасыл Даму» АҚ қаржыландырады.

— «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына тұрғындар белсенді атсалысып келеді. Жыл басынан бері тазалық акцияларына 500 мыңға жуық адам қатысып, 21 мың тонна қоқыс шығарды, — деді Ғалымжан Еркебай.

Бүгінде 145 елді мекендегі 402 гектар жер полигон қызметіне арналған. Соның 4,8%-ы немесе жетеуінің ғана экологиялық және санитарлық рұқсат құжаттары бар.

Бұған дейін біз Түркістан облысында тұрмыстық қалдық тастайтын полигондар талапқа сай емес екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар