Түркиялық компания Қызылордада ірі инвестициялық жобаны бастайды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қатысуымен өткен Қазақстан-Түркия бизнес форумы аясында Қызылорда облысының облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Түркияның «Fabe Agro» компаниясының басшысы Фатих Буданмен кездесті. 

Түркиялық компания Қызылордада ірі инвестициялық жобаны бастайды
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Онда «Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған жылыжай кешенін салу» инвестициялық жобасын іске асыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Түркиялық компания Қызылордада ірі инвестициялық жобаны бастайды
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

— Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын стратегиялық міндеттердің бірі — азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту. Қызылорда облысы — Қазақстандағы күріш өндіретін өңірлердің бірі. Еліміздегі күріш пен тұздың 90 пайыздан астамы біздің аймақта өндіріледі және өнімдер алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

Өңірдің климаты картоп, көкөніс, бақша дақылдары және жеміс-жидектің барлық түрін өсіруге қолайлы. Маусымаралық кезеңде облыс тұрғындарын жергілікті әрі сапалы көкөніспен қамтамасыз ету үшін жылыжай шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйек айында «Fabe Agro» компаниясының өкілдері Қызылордаға келді. Сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлымен кездесіп, жобаны бастауға қатысты келіссөздер жүргізілді. Бұл жоба қазан айында Мемлекет басшысы Қызылордаға жұмыс сапарымен келгенде таныстырылған болатын. Бүгінгі меморандум осы жобаны әрі қарай жүзеге асыруды көздейді.

Қазір жұмыс істеп тұрған жылыжайлардан алынатын өнім қызылордалықтардың сұранысының небәрі 1,5 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Сондықтан өңірде жылыжай шаруашылығын дамытудың маңызы зор.

Осы ретте, құрметті Фатих Будан мырза, «Fabe Agro» компаниясының тәжірибесін ескере отырып, Қызылорда облысында жылыжай кешендерін салу бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.

Біз әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімін беруге, даму институттарынан қаржылай қолдау алу кезінде құжаттарын рәсімдеуге жан-жақты көмек көрсетуге әзірміз, — деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Түркиялық компания Қызылордада ірі инвестициялық жобаны бастайды
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Сол жағалаудағы көлемі 250 гектар ірі агроөнеркәсіптік жобаның жалпы құны 134,5 млрд теңге, оның аясында 250 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кешеннің өндірістік қуаттылығы жылына 45 мың тонна қызанақ өндіруге мүмкіндік береді.

Түркиялық компания Қызылордада ірі инвестициялық жобаны бастайды
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Айта кетейік, бүгінде өңірде аумағы 12,1 гектар болатын 21 жылыжай, олардың қатарында «КазАгроМир» ЖШС-нің испандық заманауи технологиямен жабдықталған, толық автоматтандырылған 2 гектарлық жылыжай кешені бар.