Қызылордада жалған ақшамен сауда жасаған тұрғын бас бостандығынан айырылды

Қызылорда қалалық №2 соты жалған ақшаны сақтап, оны бірнеше рет өткізген жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Каzinform.

қылмыс
Фото: uralskweek.kz

Қызылорда қаласының №2 сотында жалған ақшаны сақтап, бірнеше рет өткізген сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Ол таныстарымен әңгімелесу барысында олардың қолында 2 бума 20 мың теңгелік жалған ақша бар екенін біледі. Осыдан кейін жалған банкноттарды өткізу ниеті туындайды. Танысына өзінің қылмыстық ойын айтып, одан 2 дана банкнотты сұрап алған. Содан кейін өзінің басқаруындағы автокөлігімен газ құю бекетіне келеді. Қолындағы ақшаның 2500 теңгесіне газ құйдырып, олармен жалған 20 мың теңгелік жалған ақшамен есептеседі. Қалған 17,5 мың теңге ҚР Ұлттық банкінің түпнұсқалық ақшасын қайтарым ретінде алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Одан кейін тағы да танысынан 20 мың теңгелік банкнотты өткізу мақсатында сұрап алып, оған мотор майын сататын дүкеннен қажетті затын алуға әрекет еткен. Қалған 11500 теңге ҚР Ұлттық банкінің түпнұсқалық ақшасын қайтарым ретінде алмақшы болғанда, сатушы ақшаның шынайылығына күмәнданып полиция қызметкерлерін шақырған», - деп мәлім етті Қызылорда қаласының №2 сотынан.

Сот үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 231-бабының 2-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылды. Оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген.

Еске салсақ, биыл Қызылорда облысында заңсыз айналымнан 122 қару тәркіленді.

 

Соңғы жаңалықтар